Біздің үйде есік қаққан кісіге іште тұрып «кімсің» деп немесе қиғаштай ашып сығалап қарайтын әдет жоқ. Үлкен-кішіге есігіміз ашық. Бұл үйдің табалдырығын аттайтын адамдар атамның жүзін көріп, үнін естуге келеді. Кім келсе де үлкен үйдің адамдарына лайық жылы қабылдап, сыйлап шығарып салуға ұмтыламыз. «Жақсы қонақ құт, жаман қонақ жұт» дейтін көнеден келе жатқан сөз бар. Есіктен кірген қонақтың қандай адам екені маңдайында жазулы тұрған жоқ, бірақ кім екенін кеткенде білесің. Есіктің қоңырауы үсті-үстіне мазасыз шырылдады. Кіруге асығып тұрған адамның қолтаңбасы сияқты. Нан илеп жатыр едім, қолымның ұнын жүре сүртіп барып есік аштым. Орта жастағы, аласа бойлы, арықтау сары кісі тұр екен. Мен амандасып үлгіргенше:
- Момышұлының пәтері осы ма? – деді.
- Осы, үйге кіріңіз, - деп бір шетке ығысып жол бердім.
- Момышұлының өзі үйде ме? – деді ішке енген соң.
- Мені іздегенің бері қарай жүре бер. – Атам есігі ашық тұрған бөлмесінен гүрілдеп өзінің үйде екенін білдірді.
Қонақты алға өткізіп, атаның қасына кіргіздім де, шаруама қайта кірістім. Асты тездетейін деп ойладым. Өйткені үйге келген кісіге дәм татқызбай шығармайтын халқымыздың жақсы салтын атам өте қадірлейді.
дам 20 б