1-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. Сұрау есімдіктерін пайдаланып, мәтін мазмұны бойынша сұрақтар дайындаңыз. Каспий теңізі – Еуропа мен Азия аралығында орналасқан Жер шарындағы ғаламат тұйық көл. Үлкендігіне қарап, оны теңіз деп атайды. Теңізге құятын өзендер мен қоректік заттың мол тасымалдануына байланысты Каспий теңізі балыққа бай, итбалық та көп кездеседі. Итбалық теңіздің бір кезде Солтүстік Мұзды мұхитпен байланыста болғанын көрсетеді. Балықтар мен итбалықтың үлкен кәсіптік маңызы бар. Ең бағалы балықтарға бекіре тұқымдастары жатады. Дүние жүзінде жыл сайын ауланатын бекіре тұқымдас балықтың 80%-ынан астамы Каспий теңізінің үлесіне тиеді. Каспийде өсімдіктердің 500 түрі, балық пен жануарлардың 769 түрі мекендейді.
Қазіргі кезде құстардың 260 түрі бар. Тек Каспийдің шығыс жағалауында жыл сайын 2 миллион құс қонақтайды. Кей жылдары суда жүзетін 3 миллиондай құс қыстап шығады.
Қайраңнан мұнай мен газ өндірілетіндіктен, теңіз айдынын қорғау үшін ерекше экологиялық шараларды жүзеге асыру қажет.