1-тапсырма. Ұлы Абайдың өлеңін оқып, мазмұны бойынша 3 проблемалық сұрақ құрастыр. Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басын қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззэп, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық - бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртка жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.