Тақырыпқа тапсырмалар Мәтінді оқы.

Өзінің бұл сапарға жалғыз шыққанын ойлағанда, жігері құм болып, ет жүрегі езіліп кетті. Тағдыр бұл жолы да оның алдын кес-кестеп, аяқтан шалды. «Қапыда қалдым ғой... Қайтейін, қайтейін, – деп күбірлей берді. – Төлеутайымды қалай ғана сақтай алмадым екен? Неге ертерек қамданбадым? Өрттен қалған қу томардан сорайып жалғыз қалған түрім мынау. Мен өлсем, Тұяқбайдан тұқым жоқ. Орны өшеді... Шіркін, жалған-ай, дәл қазір қасымда томпаңдап Төлеутайым еріп келе жатса, арманым болмас еді-ау. Қайран құлыным, сенен қалай ғана тірі айырылдым екен? Мен сорлыны жер соқтырып кеттің-ау сен мүлде... Тірі болсам, туған жерді бір көрсетем деуші едім. Ол күнге құдай жеткізбеді ғой. Қайтейін!..»

Қарттың иегі кемсеңдеп, бет әлпеті бұзылып кетті. Тынысы тарылғандай, тамағының түймесін ағытты. Сонан соң оқ тиген аңдай ыңыранып, етпетінен аунап түсті де, өзегі өртеніп бара жатқандай жанталасып, қолына ілінген шөпті жұла берді... Төлеутай деп отырғаны – қарттың жалғыз немересі. Осыдан он шақты жыл бұрын мұқым елді жайлаған қалың сүзекте ұлы мен қызы, кемпірі мен келіні қабатынан қайтыс болғанда, қу бұтаққа ілінген жалғыз жапырақтай осы Төлеутайы қалып еді қасында. Мұны осынау жарық дүниемен жалғастырып тұрған жалғыз дәнекер де сол немересі болатын. Жасқа жетпей жетім қалған сәбиді қолынан түсірмей, жалаңаш қойнына салып жүріп баққан-ды. Қарттың бағына қарай түлкінің күшігіндей сүйкімді боп өсіп еді өзі де.

Бұл жаққа келгелі, қарттың кәсібі аңшылық болатын. Көнелеу бердеңке мылтығы бар-ды. Мынау Тарбағатайдың күнгей жағын ол аттылы-жаяу талай рет шарлаған. Қанжығасы майланып, табысы тәуір болған жылдары өзінен асып, көрші жарлы-жақыбайларға да қайырымы тиіп жүрді. Үнемі болмаса да ауылдастарының тырнағын жібітіп, сорпа-судан кенде қылмаған.

Кейін немересімен екеуі қалған кезінде де, аңшылықтан қол үзген жоқ. Рас, соңғы жылдары жасы ұлғайып, қайғы қажытты ма, мылтық ұстағанда қолы сәл қалтырап, көзі жасаурайтынды шығарды. Сілтегені тие бермей, мүлт кететін де боп жүрді. Бірақ, Төлеутайын тарықтырған емес. Түз несібесі – тәңірден. Ертемен мылтығын асынып кетеді де, кешке жақын талшық етер бірдеңе алып қайтады. Сөйтіп ол қоғам өмірінен, саясаттан тысқары, табиғат аясында оқшау жүріп жатты. Түзге шықса қара мылтығын, үйге келсе қара домбырасы мен немересін ермек етті.

АЙТЫЛЫМ

1-тапсырма. Суреттерге қара әңгіме желісінде осының қайсысына қатысты оқиға болуы мүмкін? Пікіріңді дәлелдеп айт.

2-тапсырма. Пікірталас. Мәтіннің соңында жазушы өз кейіпкерінің өмірі одан әрі қалай боларын жазбаған. Сондықтан қарама-қарсы идеялармен танысып, пікірталас ұйымдастырыңдар.

ЖАЗЫЛЫМ

1-тапсырма. Жазушының суретіне қарап, сипаттамалық мәтін жаз. Мәтінде сын есім, үстеу, тұрақты тіркестерді қолдан.

2-тапсырма. «Балық қаңқасы» диаграммасын толтыр. Жазғандарыңды өзара алмасып, пікір бөлісіңдер.

1.Балықтың басына әңгіменің мақсатын;

2.Балықтың үстіңгі қаңқасына әңгіменің идеясын;

3.Балықтың астыңғы қаңқасына кейіпкердің мінездемесін;

4.Балықтың құйрығына қорытындыны жаз.

katrinsepp katrinsepp    1   01.06.2021 21:27    22

Другие вопросы по теме Қазақ тiлi