Отырар - Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады. Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді. Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды. Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А.Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.