Беташар жас келін келгенде халық жиналып, халықтың алдында жасалатын дәстүр. Келіннің бетіне үлкен ақ орамал жабылады, орамалдың ұшына қамшы немесе келген ұзын таяқ байланып, оны бір жігіт немесе бала ұстап тұрады. Бет ашатын адам домбырамен келінге келген жерін таныстырады, келінге отбасының үлкендеріне, ағайындарға, көрші-көлемге арнап өлеңмен сәлем салдырады. Келін екі жағынан демеп тұрған абысындарымен иіліп сәлем жасайды. Және келінге өлеңмен көптеген ақылдар айтылады. Мұнан от басының анасы келіннің бетіндегі орамалды қайырып, маңдайынан сүйіп, батасын береді. Осымен келіннің беті ашық, әрі үй шаруасымен айналысуына болады.