Ас тұзы кендері– ас тұзын өндірістік жолмен өндіруге жарамды кен орындары. Ас тұзы кендері тұзды көлдер, қазба тұздар және жер асты тұзды сулары болып үшке бөлінеді. Тұзды көлдерге суында 3,5%-дан жоғары тұзы бар көлдер жатады. Қазақстанда олар Каспий маңы ойпатында, Арал ойысында, Балқаш маңында, Ертіс, Есіл, тағы басқа өзен аңғарларында таралған. Қазба Ас тұзы кендері аридтік климат жағдайларында, теңіз қолтықтары мен теңізден бөлінген шығанақтардағы тұзға бай сулардың буланып суалуынан, тұздардың қайта кристалдануы мен шөгуі нәтижесінде қалыптасқан.