Мазмұндама "батыр-қыз" С. Мұқанов Оғы таусылған Мәншүк екінші пулеметке қарай еңбектеп жүгіріп бара жатқанда, бір мина аяқ жағынан жарқ етіп кеп түсіп, шатырлай кеп жарылғанда денесі аударылып түсті. Мина денесінің қай жерін жараласа да, ауыр жараланғанын сезді. Ауырған аяғын ашып көрсе, тізеден төменгі жағы былқылдап бос жатыр…
Жүрегі дір ете қалған ол, жау жаққа қараса, жапырлай ұмтылған жау жақындап қапты.
Сасқан Мәншүк, жарасын байларлықтай еш нәрсе табылмаған соң, белдемшесінің оң жақ етегін дар еткізіп қақ айырды да, жаралы аяғын шымқай орап, ағытқан қайыс белбеумен тас қып байлады. Содан кейін бір тізе, екі шынтағымен жылжып пулеметке жетсе, айналасында сөреге жайған құрттай қаз қатар тізбектеле жатқан оқтаулы ленталар.
Мәншүктің есінен жаралануы шығып кетіп, жапа-тармағай жақындап қалған жауға пулеметтен оқ шашып қоя берді. Жау шапқан шөптей оталып кеп түсті…Әлсіреген Мәншүк талықсып кетті. Осы кезде біздің әскерлер де келіп қалды. Олар жауды жосылта отап, Изочка станциясына қарай тықсырып алып кетті. Олар машинадан түсіп, өлік-өліктің арасымен қабақ шыта жүріп келе жатыр. Аяқтарын жылдамдау басып, пулеметке асылған адамды көтере беріп, «Бұл біздің қыз, Мәншүк Мәметова ғой!» – деп денесін көтеріп құшағына алғанда, Мәншүк ышқына көзін ашты да, қайта жұмды.