Мәтіндерді оқып, оларды салыстырыңыз. Мәтіндер қандай стильдерде жазылған? Стильге тән сөз қолданыстарынан мысал келтіріңіз. [10] А мәтіні
Қандай мамандықты оқыған дұрыс – қаржыгер ме, әлде заңгер ме?
Менің жауабым: программист!
Әрине, басқа мамандықтарға менің ешқандай қарсылығым жоқ. Барлық мамандықтың өз орны бар. Барлық мамандар қажет.
Мен 2009 жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ЕҰУ-ға «Халықаралық қатынастар» мамандығына грантқа түстім. Бұл мамандық гуманитарлық болып саналады. Ешқандай математика, физика пәндері бағдарламада болмады. Бірақ өзім мектеп кезінен бастап математикаға бір табан жақын болатынмын. Студент болып жүргенімде оқушыларға репетитор болудан бастап, құрылыста күзетші сияқты әртүрлі жұмыстар жасауға тура келді. Студенттік өмір оңай емес, ақша табуға тура келеді.
Бір күні достарым маған: «сайт жасауға арналған Joomla деп аталатын оңай бағдарлама бар, соны үйреніп бастасаң болады», – деп кеңес берді. Сол күннен бастап осы бағдарламаны үйренуге кірістім.
Бірде достарымның бірі маған ұсыныс жасады. Өзі екі жерде жұмыс жасайды. Бір сайтын жасап үлгермей жатыр екен. Жасап берсем, 10 000 тг беремін деп уәде етті. Сол күні таңға дейін ұйықтамай, сайтын бітіріп бердім. Бұл программист ретінде менің тапқан алғашқы табысым болды. Қуанышымда шек жоқ!
Әрі қарай одан да айлығы жоғары жұмыстарда істедім. Қазірде кішігірім өзімнің сайт жасайтын студиям бар. Today.kz ақпараттық порталының IT-менеджері болып жұмыс жасаймын.
Ә мәтіні
Еңбек нарығының мамандарға деген сұраныстың өсуіне сәйкес жұмыссыздардың кәсіби деңгейін арттыру – негізгі бағыттардың бірі. Жұмыссыздарды кәсіби даярлау үшін оқу орындарын іріктеу конкурстық негізде мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жүргізіліп, 10 оқу орны жеңімпаз деп танылды.
1147 жұмыссыз азаматтар кәсіби біліктілігін 15 мамандық бойынша оқып шықты. Осы бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылмаған 1247 жұмыссыз жастар «Шынайы өмір» жобасы бойынша еңбек нарығында жұмыс іздеу, оның ішінде интернет арқылы және өзін жұмыспен қамту мақсатында бизнес-жоспарлау негізінде оқытылды. Мониторинг көрсеткендей, курсты бітіргендердің 54 пайызы өздеріне жұмыс тапқан. Қалай десек те, облысымызда әлі де болса жалпы жұмыссыздар саны ойландырады: жалпы саны 75000-ға жуық адам. Жұмыссыздық деңгейі – 7,6 пайыз.
Кәсіби оқуды бітірушілердің тұрақты жұмысқа орналасуы қиынға соғуда. Жыл қорытындысы бойынша оқуға жіберілгендердің 2 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасты. Оралмандарды тұрақты жұмысқа орналастыру – шешімін күттірмейтін мәселе. Жұмыс іздеген 242 оралманның 93-і ғана жұмысқа орналастырылды. Бұған олардың сауатының және кәсіби біліктілігінің төмендігі де әсер етуде.
А мәтіні
Ә мәтіні
Тақырыптары
Қандай стильде жазылған?
Стильге тән қандай сөздер қолданылады? Мысал келтіріңіз.
Мәтіндердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары неде?