Мәтіндегі көтерілген басты мәселені анықтап, екі-үш проблемалық сұрақ дайындаңыз. Ірімейтін тағам асқазанымызды шірітіп жүрмей ме?
Тау асып, теңіз басып әкелінген трансгенді өнімдер туралы даудың көрігі қызып
кетпесе де, қоғамда екі ұдай пікір қалыптастырып отыр. Тағамтану саласының кей
мамандары оны қоштаса, оқығаны мен тоқығаны көп болмаса да бір білері бар ауылдағы
ағайын мұның астарында қандай да бір құпия барын біледі. Табиғи емес өнімдер расында
ірімейді, шірімейді, сөреде айлап емес, жылдап тұра береді. Сырты жылтырап, өзі ірімесе
де, асқазаныңызды шірітіп жатпағанына кім кепіл?
Аштан емес, астан өлмейтініңе де кепілдік жоқ. Қолдан өсірген емес, қолдан
өлтірген тағамдардың кесірінен құбыжық сәбилердің, түрлі аурулардың көбейіп кетуінің
бір ұштығы осында жатқан жоқ па екен? Алайда ол туралы ресми статистикалық дерек
мүлдем жоқ. Батыс ғалымдары мутацияға ұшырау – генетика ғылымының қарқынды
дамуы себебінен деп есептейді. Ал гендік инженерияның Отаны саналатын Америкада
гені модификацияланған өнімге кең жол ашылған. Әлемде мыңнан астам гені модифи-
кацияланған «өнер туындылары» бар. Бірақ оның тек 100-іне ғана шығаруға рұқсат
берілген. Кәрі құрлықта өнімнің қорабында ГМО туралы ескерту белгі жапсырылады. Ал
біздің елімізде мұндай мәдениет қалыптаспаған. Тіпті сол шетелден келген импорт
өнімдерге ескерту жазылсын деп те міндеттей алмай отырмыз. Азық-түлік пен көкөністің
көбісі Қытайдан келетіндіктен, онда иероглифтен басқа ештеңе жоқ. Еліміздегі №1
тағамтанушы Төрегелді Шарманов болса осы өнімдерге шаң жуытқысы жоқ.
Ал алмұрт деген атауы бар қолдан жасалған жемісті жесеңіз қағаз шайнағандай
боласыз. Бақшаңызға өзіңіз өсірген қызанақпен салыстырып көріңізші. Өзіңіздікі дәмі тіл
үйірерліктей болғанымен екі-үш күннен артыққа шыдамайды. Босап кетеді. Ал қытайлық
қызанағыңыз тастай қатып жата береді. Жарамдылық мерзімі жарап тұр. Осыдан кейін
ойға қаласың, расында, Қытай өнімдерді гендік модификацияны қолданып өсірген бе деп.
Бірақ олар дәл осыны қатаң құпияда ұстайды. Ешқандай мәлімет ала алмайсыз... Ресми
емес деректерге сенсек, қызанақтың қатты болып, ұзаққа шыдауы үшін акуланың азу
тісінің гендері пайдаланылады екен.
Рахила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ, зейнеткер:
– Кім білген, мұндай өнімдер ақырын әсер ететін вирус сияқты шығар. Ондай
өнімдерге тыйым салмаса, онда сыртына ГМО деген белгі жапсырылсын. Сонда сатып
алмайтын болады. Ешкім сатып алмаса, нарықта пайда таппаса онда өздері-ақ жоғалады
ғой. Немерем әлгі қытайдың кеспесін өте жиі жейді. Қанша ұрыссақ та қоймайды. Соңғы
кездері шаштары сыпырылып түсе бастады. Біз сол кеспенің кесірі деп ойлаймыз. Қолдан
өсірілген өнімдердің зиянды екені дәлелдеуді қажет етпейтін шығар...
Әсем ӘСІЛБЕК, биолог:
– Расында, ғалымдарымыз осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған
жоғары жақтан қолдау қажет-ақ. Тек тексеріп қана қоймай, содан нәтиже шығару керек
қой. Кезінде ресейлік ғалымдар Қытайдың түрлі ыдыс-аяқтарынан әртүрлі зиянды
қоспалар тауып еді, дереу дау шығарып қайтарып жіберді. Бізде неге солай істемейді?