Мәтінді оқып, тақырыбы мен көтерілген мәселені жазыңыз. Орта Азия, Сібірден бастап Қара теңіз жағалауына дейін Евразия территориясында өмір сүрген көшпенділердің мәдениеті бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде объективті ғылыми тұрғыдан бағаланған жоқ. Ғылыми-танымдық басылым мәдениеттану, бейнелеу өнері, тарих, этнография, археология, педагогика, антропология, философия, дінтану, семиотика, лингвистика, әлеуметтану ғылыми салаларды қамтып, сондай-ақ көшпенділердің әр кезеңдегі мәдени процестерінің қоғамдағы рөлін көрсетуге септігін тигізеді. Евразия аймағында өмір сүрген көшпенділерді зерттеуге ғалымдар XVIII ғасырдан бастап қызығушылық таныта бастады.
Көшпенділердің б.з.б. өмір сүрген сақ (скиф) суперэтникалық тайпаның жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттелуі, Ресей мемлекетінің славян тарихын жазуымен байланыстыруға болады. Өйткені қазіргі орыс халқының территориясында өмір сүрген ежелгі сақтар (скиф) туралы тарихи деректер антикалық авторлардың жазбаларында ғана кездеседі. Көшпенділердің мәдениеті мен тарихын сараптауда көне артефактілердің маңызы зор. Таулы Алтайдағы Қатан өзенінің бойындағы қорғандардан қазба жұмыстары кезінде В.В. Радлов 1865 жылы көптеген құнды дүниелер тапты. Алтайдағы үлкен Улаған өзен өңіріндегі Пазырық шатқалында сақ (скиф) кезеңдерінен қалған әртүрлі көлемдегі бес обаны 1929 жылы М.П. Грязнов, ал 1947- 49 жылдары С.И. Руденко археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген.
Көпшенділердің артефактілерінің динамикасын зерттеуде ділін, салт-дәстүрі мен наным-сенімдерін, ғұрыптарын талдау арқылы заттық болмыстың символикасы анықталды. Ондай деректер С.И. Руденконың Таулы Алтайда табылған көне ескерткіштерінен, М.П. Грязновтың Таулы Алтай өңіріндегі Пазырық, Шібе қорғандарынан табылған материалдық заттарынан жиналған. Ежелгі көшпенділердің дүниетанымы, рухани дүниесі мен алғашқы дінінің пайда болуы артефактілер арқылы анықталды.