Мәтінді оқып, екінші азатжолдағы уақыт өлшемдеріне түсінік беріп көріңдер: Уақытты анықтау
Халық уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірибе жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін де таба білді. Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын да ойластырған. Мерзім, мезгіл өлшемдеріне келгенде, қазақ тілі атауларға бай. Қыс, көктем, жаз, күз – мезгіл өлшемдеріне жатады. Мерзім өлшемдері: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1 секунд), сүт пісірім (5-10 мин), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2,5-3 сағат), бір күн, бір түн (тәулік), апта (7 күн), ай (30-31 күн), тоқсан (3 ай), жыл (365 күн) немесе 12 ай, ғасыр (100 жыл). Адам өмірі жаспен де (1 жыл), мүшелмен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25 жас), үш мүшел (37 жас), төрт мүшел (49 жас) болып бөлінеді.
Уақыт мезгілдерін анықтауда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара, алагеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, намаздыгер, ақшам, бейуақыт, қас қарая, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне, т.б. Мұнан тек уақыт шамасы ғана емес, халқымыздың таным-түсінігі, әр істің байыбына терең бойлауы, бағдарлауы байқалады.
(«Қазақстан» энциклопедиясынан).