Мәтінді оқыңдар. Электр қуатын қалай үнемдеу керек? Бүгінде электр үнемдейтін шамдар көп кездеседі. Электр тогын аз тұтынатын шамдарға келсек, олар қызу лампасынан 5-6 есе аз энергия жұмсайды. Тағы бір пайдалысы ол шамдардың ғұмыры кәдімгі лампадан қарағанда 8 есе ұзақ. Бір шамның бағасы қазір сату орындарында 400-800 теңге аралығында. Бұл қымбат дегенмен пайдаланушылар оған жақсы баға беруде. Шамды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алған дұрыс. Мамандандырылған техника дүкендері «бір лампа кемінде 8 мың сағат жұмыс істеуі тиіс» дейді. Осындай бір лампа айына 200 теңге ток қуатын үнемдейді. Шамды күніне 2, 5 сағаттан артық қосуға болмайды. Токты үнемдегенде ұялы телефон, ноутбук секілді құрылғылардың зарядтағышын токтан үнемі ажыратып отырыңыз. Розеткаға қосылып тұрған құрылғы энергия тұтынады. Басқа жаққа бірер күнге кетер болсаңыз шамды өшіріп қана қоймай, розеткадан телевизор, музыкалық орталық, DVD ойнатқыштарды да ағытып кетіңіз. Олар токқа қосылып тұрса аз да болсын энергия шығындап отырады. Егер токты есептеп жұмсау қажеттілігі туса, төменде тұрмыста көп қолданылатын құрал-жабдықтардың негізгі қуат жұмсау шығынын есте сақтау керек. Айталық, электр шәйнек 5 минутта - 0,18 кВтс, қысқа толқынды пеш 5 минутта - 0,125 кВтс, тоңазытқыш тәулігіне - 2,4 кВтс, үтік 15 минутта - 0,55 кВтс, компьютер 1 сағатта - 0,35 кВтс, телевизор сағатын - 0,07 кВтс, автоматты кір жуғыш машина 1,5 сағатта - 3 кВтс ток жұмсайды. 1. Мәтіннен тақырыпқа қатысты 5 тірек сөзді тауып жазыңдар