Мәтінді мәнерлеп оқыңдар. Баяндау желісін сақтай отырып, әр бөлігінен алынған ақпараттардан жинақы мәтін (аннотация) жазыңдар. Шамамен VI ғасырдың орта кезінде Жетiсу, Алтай, Орталық Азияны мекен еткен түрлі ру-тайпалар бiрiгiп «Түрiк қағанаты» деп аталатын мемлекет құрғаны тарихтан жақсы мәлім. Мiне, сол ежелгi түркі дәуiрiнiң қоғамдық, әдеби-мәдени өмiрiн жыр еткен ғажайып дастандар бар. Олар - «Күлтегін», «Білге қаған» және «Тоныкөк» жырлары. Бұдан 1250 жыл бұрын үлкен құлпытастарға қашап жазылған осы әдеби ескерткіштер идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік шеберлігі тұрғысынан да күні бүгінге дейін оқушысын таңдандырып, тамсандырып келеді...
Қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді әйгілі жырларында кездесетін өлең арасындағы әлқисса-түсіндірме көркем қарасөздер мұнда да кездесіп, араласып отырады. Көне түркі авторлары, өзiмiзге әбден қанық қазақтың батырлар жырларындағыдай, болашақ жорықтарды немесе өткен оқиғаны ақындық тәсілмен, үлкен пафоспен баяндай отырып, өздеріне елеусiз деп есептеген сәттерді жыр арасында қарасөзбен де жеткізіп отырган. Осы заңдылықты Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктерге арналган үш шығарманың үшеуінен де кездестіреміз. Өз кейіпкерін дәріптеуде, оның жойқын соғыстарда көрсеткен есепсіз ерліктерін суреттеуде сан түрлі бояуды, бейнелеу тәсілін мол пайдалана отырып, шабытпен жырлаған автор бір сәт прозалық баяндауды да қолданады. «Күлтегін» жырындағы мынадай өлең жолдарына назар аударайықшы:
Бек ұлдарың құл болды... Пәк қыздарың күң болды... Тізеліні бүктірдік, Бастыны еңкейттік... Елiмiз қайта ел болды, Халқымыз қайта халық болды.
Міне, осы ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік жайында тебірене толғайтын ғажайып жыр жолдарын ақын бұдан бір мың екі жүз елу жылдай бұрын жазыпты.