Мәтінді мұқият тыңдап, мазмұндаңыз, ондағы тірек сөздерді, негізгі және қосымша ақпараттар мен көзқарастарды табыңыз. Түлкі мен тырна
Түлкі мен тырна дос болыпты. Бірде түлкі тырнаны үйіне қонаққа шақырыпты.
- Маған қонаққа кел, қымбаттым! Мен дәмді тамақ пісіріп қоямын.
Тырна түлкінің үйіне қонаққа келеді. Түлкі ботқа пісіріп, жайпақ табаққа салып, тырнаның алдына қояды.
- Тамақ ал! Өзім пісіріп едім.
Тырна жайпақ табақты тұмсығымен шоқып-шоқып, ештеңе жей алмайды. Түлкі болса табақтағы ботқаны тілімен жалап-ақ тауысады. Бәрін жеп болған түлкі:
- Айып етпе, бұдан өзге берер еш тамағым жоқ, - дейді.
- Осыған да рақмет. Енді сен маған қонаққа кел.
Келесі күні түлкі тырнаға қонаққа келеді. Тырна сорпа дайындап, оны мойны тар құмыраға құйып, дастарқанға қойыпты. Тырна:
- Іш, қымбаттым. Қысылма,- дейді.
Түлкі құмыраны ары айналып, бері айналып, сорпаны іше алмайды. Құмыраға тұмсығы кірмей қояды. Ал тырна ұзын тұмсығымен шоқи береді. Сөйтіп, бәрін де ішіп қояды да, түлкіге қарап:
- Ренжіме, қымбаттым. Бұдан өзге берер тамағым жоқ, - дейді.
Бір тойғысы келген түлкі ренжіп, үйіне аш қайтыпты.