Мәтін үзінділерін тыңдай отырып, оқиғаның дамуы мен аяқталуын болжап жаз. Мәтін:
– Мамам ба? Мамам-м…— Баланың көздері күлімдеп, бұған еркелегендей оңды-солды қисалаңдап тұрды да: — Ештеңе деген жоқ, — деді қуланып.
– Сонда саған ештеңе айтқан жоқ па?
– Мамам ба, мамам-м… Жоқ, айтпады.
– Бала көздері күлімдеген қалпы енді Есмағамбетті құшақтап жатып сықылықтап күлді. — Мамам ба, мамам-м… не дегенін ұмытып қалдым, — деп өзгеше қылық тауып, мұның мұртына бетін басты.
– Тікен сияқты-ы,— деді бала сосын сықылықтап күліп және сөйтіп тұрып-ақ Есмағамбеттің тікірейген қап-қара мұрттарына екі бетін кезек-кезек басумен болды.
Сосын бала өз-өзінен күлкісін тыйып, Есмағамбеттің көйлегінің түймелерін шұқылап отырып: — Мамам кетерінде бетімнен сүйді,— деді ақырын ғана бұған өзгелерден ұрлап айтқандай болып.
– Сосын.
– Сосын ба, сосын-н… сол… сүйді… Сосын бұрылып кетіп бара жатқанда мен: “Мама-а, тағы бір сүйші” дедім.
– Сосын.
– Ол қайта бұрылып келіп, бетімнен тағы да сүйді.
– Сосын…
– Сосын не болушы еді… Бұрылып келіп сүйгеннен кейін, ол қатты жылап қалды. Әжем де жылады. Мен де жыладым. Атам ғана жылаған жоқ. Мамам-м… сосын ол кетіп қалды. Өйткені мінетін пойызының уақыты болып қалған.