Мәдениетті кейде шартты түрде материалдық және рухани деп екіге бөледі. Қолмен ұстап, көзбен көруге болатын дүниелерді материалдық мәдениет үлгілері дейміз. Ал қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын, тек санамен, түйсікпен қабылданатын мәдениет жетістіктерін біз рухани мәдениет дейміз. Көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Ол көшпелілердің тіршілік қарекетінің, тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Кейбір батыстық зерттеушілер: "Көшпелілер өз бетінше мәдени құндылықтар жасауға қабілетсіз, олар тек басып алған отырықшы халықтардың мәдениетін қабылдайды. Ал отырықшы халықтардың мәдениеті оларға өгей мәдениет болып қала береді", – дейді. Бұл – мүлде қате пікір. Көшпелілер өз тұрмыс-қарекетіне лайықты мәдениет қалыптастырған. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз. Киіз үй тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт -дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері — түйелер мен ұшқыр қайық — аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді.
Шаңырақ —шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса (жарық түсетін терезе, түтін шығатын мұржа, таза ауа), екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық, керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы киіз үй құрылысынан өз көрінісін табады. Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты.
Жоспар мәтін бойынша
Failokiret torsint podick