Күшейтпелі шырай екі түрлі жолмен жасалады. 1. Күшейтпелі шырай сапалық сын есімдердің алдына күшейткіш буындардың үстелуі арқылы жасалады. Мысалы: биік — біп-биік, ұзын — ұп-ұзын, жақын — жап-жақын, суық — сұп-суық т. б. Күшейткіш буындар (сын есімнің алғашқы буыны п дыбысына бітіп: биік — бі-йік — біп; жап-жақсы) негізгі сын есімдермен дефис (-) аркылы жазылады. Тек ақ, көк сөздерді күшейткіш буын үстелгенде аппақ (ап-ақ емес), көкпеңбек (көп-көк емес) болып бірігіп жазылады. 2. Күшейтпелі шырай сапалық сын есімдерге өте, тым, аса, ең, тіпті, нағыз, нақ, шымқай, орасан, ыңгай, кілең, сияқты күшейткіш үстеулердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: өте күшті, тым биік, ең жақсы, аса терең, нағыз жүйрік, шымқай қызыл, орасан зор т. б. Бұл сияқты күшейткіш үстеулер сын есімдердің алдында келеді де, бөлек жазылады.