ХХІ ғасырдың Қазақстаны – талантты, еңбекқор, толерантты халықтың небәрі екі онжылдықта «нөлден» бастап құрған елі. Бұл – біздің бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл – біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз! Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды.
«Қазақстан-2050» Стратегия бағдарламасы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді.
Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Біз үшін ортақ тағдыр - бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел - жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, бабаларымыздың арманы.
Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты Болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін!
5. Берілген сұрақтарға оқылым мәтіні бойынша жауап беріп жазыңыз:
-«Қазақстан жолы - 2050» стратегиясы қандай бағдарлама?
-Бағдарлама нені шешуге мүмкіндік береді?