Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Балалар мен жасөспірімдердің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың психологиялық денсаулықтарын қалыптастыру мақсатында жастар үшiн анонимдiк консультациялар орталықтарын жетілдіру және психоәлеуметтік қолдау жүйесін дамыту қажет» делінген болатын. Осы орайда жастармен жұмыс істеудің негізгі бағыттарының бірі – денсаулық сақтау орталықтарын ашу болып табылады. Сәтбаев қаласының емханасында осындай орталық 2011 жылдан бастап жұмыс атқаруда. «Сенім» деп аталатын бұл медициналық жастар орталығының қызметі жайлы бізге оны басқарып отырған орта буынды медбике Мөлдір Имамбаева айтып берген еді:
– Күйзеліске түскен жасөспірімдерге біздің орталықта медициналық көмекпен қоса, әлеуметтік, психологиялық және заңдық консультациялар көрсетіледі. Мұндағы заңгердің, әлеуметтік қызметкердің міндеті – жастардың бойындағы сенімсіздікті, қорқынышты жою, олардың санасына өз денсаулықтарына өздері жауапты екендіктерін жете сіңіру. Орталыққа келгендер бастарына түскен ауыртпашылықтан шығу жолдарын үйренеді, мамандардан ақыл-кеңес алады. Өткен жылы барлығы 2637 жасөспірімге жан-жақты медициналық көмек көрсетілді, 191 семинар-тренинг өткізіліп, 301 лекция оқылды. Жоспарға сәйкес салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын бейнефильмдер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылды. Әртүрлі аурулардың алдын алу тақырыбында 494 сауалнама жүргізіліп, 2997 дана буклеттер мен плакаттар таратылды. Сонымен қатар қалалық жастар одағымен бірлесіп бірнеше рет «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында флешмоб, акциялар өткізілді. Бұл іс-шаралардың барлығын біз қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімімен келісе отырып жүргіземіз, – дейді Мөлдір Имамбаева. Бүгінгі күні жастардың денсаулық сақтау орталықтарының қызметі өзінің тиімділігін және жасөспірімдермен жұмыс жасауда қажеттілігін дәлелдеп отыр. Сондықтан мұндай орталықтар болашақта да көптеген сырқаттардың алдын алуға әрі жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосары сөзсіз