- "Еңбек – бәрін де жеңбек", - деген аталы сөз бар ел ішінде. Адам барлық уақытта өзінің адал еңбегінің нәтижесінде алдына қойған мақсаттарына жетіп отырған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп көнекөздеріміз айтып өткендей, еңкейіп тірлік істегенді Жер-ана да құрқол қалдырмаған. Бар несібесін жерден терген бабаларымыз ата кәсіптің қыр-сырын меңгеруге талпынған. Таңның атысы, күннің батысы тырбанып еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосатын қарапайым еңбек адамы қандай құрметке де лайық. Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Ендеше, әлемнің әміршісі – еңбек. Ал жеке адамның өмірінің алтын арқауы осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өрілетіні анық. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол - дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер т.б. Еңбек адамы дегеніміз - өзінің адал еңбегімен жанұясын бағу, ұрпағын өсіру. Екіншіден, ол қоғамға белгілі түрде пайда әкелу. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де - өнер. Еңбексіз өмірде ештеңе де болмайды.