Белгілі сыншы, мəдени сарапшы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Əлия Бөпежанова қазіргі сатиралық театрлар туралы өз пікірін білдірді.
– Қазір əзіл-сықақ театрларының саны бар, сапасы сын көтермейді деп көп айтылып, жазылып жүр. Театр сыншысы ретінде сіздің ойыңыз қандай?
– Қазір əзіл-сықақ театрлары көп. Жалпы, қазір əзіл-сықақ театрлары жан-жақты. Негізінен бүгінгі күннің əлеуметтік мəселелерін көтереді. Бірақ бір айтатын мəселе: олар қоғамдық əлеуметтік мəселелерден гөрі отбасы-ошақ қасы, тілді дұрыс айтпау, құда- құдағилар сияқты жеңіл-желпі тақырыптарды шиырланқырап қалып жүр. Көпке топырақ шашуға да болмайды.
– Əзіл-сықақ театрларының одан бөлек тағы қандай кемшіліктері сізді ерекше алаңдатады?
– Меніңше, театрлардың басты проблемасы материалдарды өздері жазып ала салады. Тақырыпқа жеңіл-желпі қарайды. Сахнаға шығып, əйтеуір, жұртты күлдірсек болды дейтін сияқты. Тағы бір мəселе: қазіргі жастар сахнаға шығып алып, өздерін жарнамалауға бейім. Оны өздері де байқамайды. Бұл – сахналық мəдениетке томпақ нəрсе. Сондай-ақ телеарналарда демалыс күндері, түнгі уақытқа қарай, əзілге құралған дүниелер беріліп жатады. Қарасаң, талғам мен эстетика жетпейді. Тақырып аялары өте тар. Бұл да бүгінгі күннің басты проблемасы сияқты. Жақсы əзіл арзан күлкіден құралмау керек. Ол, керісінше, адамды ойлантуға, өмірге басқаша көзбен қарауға итермелеу керек.
– Кəсіби авторларға тапсырыс бермей, өздері жаза салу, ақша үнемдеу ме, əлде өз-өздеріне деген сенімділік пе?
– Біріншіден, мүмкін ақша үнемдейтін шығар?! Өнер деген – интеллектуалдық жеке меншік. Шын мəнінде, интеллектуалдық еңбекке лайықты еңбекақы төленуі керек. Бүгін, мысалы, Парламентте мəдениет туралы заң талқыланды. 25 жылдан бері жазушыларға қаламақы төленбейді екен. Бұл, былайша айтқанда, нонсенс. Əрине, театрлардың бəрі бірдей емес.
– Расымен де, театрлар неге арзан əзілге құмар болып кетті?
– Кез келген өнер адамы саясаткер болу керек. Ол қоғамда не болып жатыр, парламент не талқылады, қандай халықаралық мəселелер қаралды, қысқаша айтқанда, бəрін біліп, бақылап отыру керек. Яғни деңгейі өте жоғары, ой-өрісі кең болуы тиіс. Өнер тек құда мен құдағиға тиісіп немесе əйел болып киінген, шалбарын шорт кескен келіншектерді немесе орысша тіл сындыратын жастарды сынаумен ғана шектелмеу керек. Əрине, оның бəрі қажет. Бірақ интеллектуалдық ізденіс көбірек керек. Меніңше, əзіл- сықақ театрларында білім, ізденіс жағы жетіспейтін секілді...
1.Мəтіндегі экспрессивті-эмоционалды сөздерді теріп жазыңыз.