Біздің жақта қыс ұзақ Биыл қыс жұмсақ басталды да, арты толассыз жауған қарға ұласты. Әсіресе, жаңа жылдың алдындағы үш күн, үш түнде бас көтертпей жауған қар, сол шаш етектен жауған қарға мелдеген ел мен жер ұлы тыныштықтың құшағына тұншығып, мәңгілікке бой суытқандай жым-жырт... Осынау адамды бойкүйездік пен есінеген ессіздікке жетелер өлі тыныштық – жапалақтап жауған қар тыныштығы аса қызық, жүрек соғысын баяулатар мұң шақырады екен. Кісі бойы жауған қарды бұзып, шөп әкелетін күш қайда? Өздерінен бір хабар күтіп едім, тіпті, бергі Тарбағатай қыстағында отырған жігіттер де, міне, үшінші күн ат ізін салмай отыр. Соған қарағанда, олар да қарға қамалып қалған секілді... Қар бағанағыдай емес, қиғаш ұшып, сабалап жауады. Жел көбеңдеген жұмсақ қарды сыпыра ұшырып, сиыр таңдайлап әдемі сурет салып жатыр. Үйден шығуға қорынған жұрт «не болды екен?» дегендей есіктерін ашып, сығалай қарайды да, лезде жауып ала қояды... Отыз жылды араға салып барып, төпелеп жауған албасты қар екі-үш күннен бергі жуастықты талақ қылып, енді, міне, жесір әйелдің сыңсуындай ма, әлде Алтайдың аш қасқырының ұлуындай ма – әлдебір жұмбақ та жат үнді сарнап, әлдеқайдан, құбыла жақтан қақпақылдап жеткізе бастады. Қазақтардың «тілсіз жау» деп атар дүлей күші бар әлемнің билігін өз қолына алып, тісін ақсита тау-таудың сай-саласын қуалап, жемтік іздеп бұқпалап жүргендей. Алтайдың аш қасқыры ғажап бір сиқырмен боранға айналып, адамдарға қарап, аранын ашып, атылайын деп тұрғандай аса қорқынышты еді. (О.Бөкеев). 1-тапсырма. Мәтіндегі қалаған бір сөзіңді 3 жақта жекеше, көпше түрде жікте. 2-тапсырма. Сөздерге көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын жалғап, қарды сипаттап жаз. Жалғау жалғанған сөздердің астын сыз.