Бірде Төле би Мойынқұмдағы елдің дау-дамайын шешіп, ауылына қарай қайтқанда, бір топ қарақшының қолына түседі. Сонда Төле би: «Әй, сендерге керегі мал ма, жан ба, жан керек десеңдер, қинамаңдар, тез өлтіріңдер, мал керек десеңдер, алдарыңа айдатып әкелдірейін, бізді босатыңдар», - дейді. Қарақшылар: «Бізге мал керек», - дейді. Сонда Төле би: «Менде мал көп, бай адаммын. Бірақ сендер сенбейсіңдер. Сондықтан біреуің менің атыма мініңдер, киімімді киіңдер, мен хат жазып жіберейін», - дейді . Хатты былай жазады: «Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 құнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Бұған қоса оң босағамда тығулы алтынымды, сол босағамдағы күмісімді қоса беріңдер». Қарақшылар екі жігітті бидің аулына жібереді. Ауыл адамдары бидің бұл хатын түсіне алмай, қатты дал болады. Сонда келіні Данагүл былай дейді: «Жоқ, би атам 40 қарақшының қолына түскен екен . 40 құнан атан дегені – 40 мықты жігіт, 20 бура дегені – 20 палуан, 8 ақбас ата дегені – 8 ақсақал кісі, ал атаған алтыны мен күмісі – баласы және келіні – мен ғой . Қой, тез жетіп, би атамды құтқарайық». Сөйтіп Данагүлдің ақылымен хатта көрсетілген малды екі қарақшының өзіне айдатып , олардың соңынан 40 жігіт, 20 палуан, 8 ақсақал, әрі Төле бидің баласы және келіні Данагүл көрінбестен қоса еріп отырады. Осылайша бұлар Төле би мен оның серігін босатып алады. Осы оқиғадан соң, Данагүлдің ақылдылығы мен тапқырлығы елге жайылыпты. Мәтіндер Стилі Тақырыбы Мазмұны