Бірінші анық не? Екінші анық не?
Үшінші анық не?
Шәкәрімнің үш анығы
Шәкәрім айтады: «Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарды. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп, шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық деген».
Бірінші анық. Бірінші анық Жаратушы білімі. Шәкәрім мәселені мұнымен аяқтамайды. Ол Жаратылыстың мазмұны туралы айтқан.
Егер себепсіз бар болған Атом немесе Нұр десек, олар қозғалыста. Ал қозғалыстың өлшеулері бар. Осы ойды ноқталап Шәкәрім: «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес», дейді. Ол қозғалыстың абсолюттігін айтып отыр. Қозғалыстың себебі – себепсіз себепте, яғни түп Жаратушыда. Ал ол түп себеп өлшене ме? «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес», дейді Шәкәрім. Олай болса, өлшеусіз нәрсенің бар болғанын қалай білмекпіз. Өлшеусіз нәрсені ғылымда абсолют дейді.
Екінші анық. Жан туралы. Адамзат тарихында жан мәселесімен айналыспаған, пікір айтпаған ғұлама жоқ. Жан туралы айтылған, жазылғандарда есеп жоқ.
Шәкәрім жанды былайша түсіндірген. Әуелі бар болған жан ешқайда жоғалып кетпек емес, ол барлықтың ішінде жүре бермек. Жан әр түрге түсуі мүмкін, бірақ жоғалмайды.
Үшінші анық. Шәкәрім пайымдауынша, жанның екі өмірдегі азығы ұждан. Күрделі мәселе. Шәкәрімді тыңдалық, ол «Адамдығы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ұждан, орысша совесть бар». Ұждан араб сөзі, ол мұсылмандық түсінік. Оның құрылымы ақын айтуынша нысап (қанағат деуге болады – Ғ.Е.), әділет, мейірім. Негізінде бұл жердегі басты ұғым – әділет, қалған екеуі оны айқындаушалыр.