Қазақстан тарих Жанқожа Нұрмұхамедұлы – төменгі Сыр бойында ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырған басшы, батыр
Шекті руының билеушісі Жанқожа батыр Сыр бойындағы қазақтарды Қоқан, Хиуа хандықтарының экспансиясына қарсы жұмылдырды. XIX ғасырдың ортасына дейін хиуалықтар Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі жерлерді, қоқандықтар Ақмешітке дейінгі жерлерді бақылауда ұстады. Жанқожа батыр Орталық Азияға қарай жылжып келе жатқан Ресейдің көмегіне сүйеніп, өз қарамағындағы қазақтарды оңтүстіктегі көршілердің озбырлығынан қорғауды ойлады. Ресей билігі батырға жасауыл деген атақ берді. Бірақ Жанқожа атақтан, бағалы сыйлықтан бас тартты.
Хиуа ханы 1847 жылдың тамыз айы мен 1848 жылдың наурыз айында 6 мың әскермен Сырдың екі жағындағы елге жойқын жорықтар ұйымдастырды. Жанқожа Нұрмұхамедұлы Хиуа ханының ұлы Мұхаммед Рақым Аллақұлдың Жаңадария мен Қуаңдария аудандарында көптеген қамал тұрғызуына орай 1843 жылдың өзінде-ақ Қуаңдариядағы Хиуа бекінісін қиратып, 1845 жылдың көктемінде қиратылған бекіністі қалпына келтіруге жіберілген 2000 адамға жуық хиуалық отрядты талқандаған еді. Жанқожа әскері Жаңақала бекінісін алды. 1847–1848 жылдары ол Райым бекінісі маңында хиуалықтарға тойтарыс берді.
Есет батыр бастаған көтеріліс
Арал теңізінің солтүстік жағалауына жақын қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын Есет Көтібарұлы басқарды. Есет батыр бастаған көтеріліс 1838 жылы оның Жоламан батырмен бірге орыстардың Елек бекінісіне шабуылынан басталды.
Ал 1847–1848 жылдары Жанқожа Нұрмұхамедұлымен бірігіп Хиуа және Қоқан басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Бұл көтерілістер Орта Азия хандықтары мен Ресей империясының отаршылдық езгісіне қарсы бағытталды. 1847 жылы шілдеде Ембі өзені аймағында Есет Көтібарұлы өзінің жасағымен 200 казактан тұратын Орынбор мен Омбының жазалаушы отрядына шабуыл жасады.
Алайда нашар қаруланған көтерілісшілер жеңіске жете алмады. Қайткен күнде де Есетті қолға түсіріп, оған Патша үкіметінің билігін мойындатуды мақсат еткен Орынбор билеушілері үсті-үстіне жазалаушы жасақ жіберді. 1855 жылы Есет батыр билеуші әкімшіліктің қолшоқпары сұлтан Арыстан Жантөреұлын өлтірді. 1858 жылы амалсыз Орынборда Патша үкіметінің билігін мойындауға мәжбүр болды
Мәтінді талдау сұрақтар:
-Тұлғалардың ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?
-Әр тұлғаға қандай ерекшелік тән?
-Сіз тұлғалардың қандай қасиетін жақтап, қандай қасиетін даттар едіңіз?
-Сіз қандай қорытындыға келдіңіз?