... Ауылдың адамының бәрі қыбырлап, ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Бәрі де киінген. Жүздерінде әлденедей бір қуаныштың белгісі бар. Жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр... Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңкеде отыр. – Жарықтық-ай, бұл күнді де жұрттың көретін күні бар екен-ау!..
Ауылдың орта жеріндегі бір үйдің алдында үйме-жүйме болған кісі. Ішінде кәрілеу кемпірлер, бірен-саран шалдау адамдар да бар...
Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр.
Шеттен келген адам:
– Құрбандық қабыл болсын, – дейді.
– Әмин, айтқаның келсін! – дейді шалдар.
– Неғып кеш қалып жатырсындар?
– Малдың табылғаны-ақ осы болды... шетінен ұстап соятын бұрынғы дәуір қайда...
Жұмағазы Зәйкүлмен шетте сөйлесіп тұр...
– Сен шалсайшы, мен кәйтейін.
– Қой, ойбай, өзің кір, мен ренжімеймін.
– Кір, кемпір, Жұмекең рұқсат берген соң, несіне тоқталасың.
– Ия, шын айтам. Шала ғой, мен бұрын да шалып жүрмін ғой... құдай қабыл қылса махрұм қылмас...
– Қой, мені әуре қылма...
– Неге?
– Соны қалай шалатынын да, намазын қалай оқитынын да білмеймін.
Қандай стиль?