Адам ағзасының барлық мүшесі үздіксіз қимыл-қозғалысқа, шынығуға зәру. Олай етпеген жағдайда ағза мүшелерінің жұмыс қарқыны бәсеңдейтіні белгілі. Көпшілік адамдар денені, бұлшықеттерді ширату жолы бір бөлек, миды жаттықтыру, ақыл-ойды дамыту жолы бір басқа деп есептейді. Ал, шындығында, спортпен дұрыс айналысудың арқасында бір оқпен екі қоянды да атып алуға болады. Ғалымдардың соңғы уақыттағы зерттеулері спорттық жаттығулардың көмегімен бір мезгілде бұлшықеттерді білеулендіріп, денені ширатып, онымен қатар ақылдырақ бола түсудің мүмкін екенін дәлелдеді. Дұрыс құрылған жаттығулар кешенін орташа қарқынмен, бірқалыпты жасап жүру ми жұмысын жақсартатын жаңа жасушалардың түзілуіне ықпал ететін болып шықты. Бұл жерде негізгі түйін «дұрыс құрылған жаттығу кешені» және «орташа қарқынмен, бірқалыпты» сөздерінің астарына түйілген. Ақылды болғың келсе, спортпен шұғылдан. Дені саудың – тәні сау. Спорт – денсаулық кепілі. Білімді болам десең, спортпен айналыс.