7-сынып қазақ тілі ІІІ тоқсан бойынша тоқсандық жиынтық бағалау
Оқылым. Тапсырма. Берілген сұрақтарға жауап беріңіз.
А мәтіні:Достығымыз әлемге әйгілі
Қазақстан көпұлтты Республика екені бұрыннан белгілі. Кеңестік дәуірде ҚСРО-дағы жалғыз интернационалды ел аталғанымыз тегін емес. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі – дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған ғой. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды. Мысалы, Ресейде мұндай үрдіс жоқ.
Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан Халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.
1. Дүниежүзінде қандай ел жоқ?
A. достығы өнеге болатын C. өзге тілді мектебі бар
B. достығы үлгі болатын D. достығы өнеге мен үлгі болатын
2. Ұлт қауымдастығы туралы айтылған абзацты белгілеңіз.
A. І C. Екеуінде де
B. ІІ D. Ешқайсысында
3. Қазақстан ұлттық қауымдастықтардың дамуына ерекше ықпал ететін ел, сіз осы тұжырыммен келісесіз бе? Келісу не келіспеу себептерін 3 сөйлем арқылы жеткізіңіз.
Ә мәтіні
Қазақстанда ел аумағында гендік модификацияға ұшыраған азық-түлікті бақылайтын «Гендік инженерия қызметін мемлекеттік бақылау» жөнінде заң жобасы құрылды. Ағымдағы жылдың наурызында аталмыш құжат Мәжілістің қарауына өтті. Заң жобасын Білім және ғылым министрлігі құрды. Әзірге елімізде гендік модификация қызметіне тоқсауыл қоятын заңнама жоқ. Кей мамандардың айтуынша, азық-тұлік қорабында ГМО қо жөнінде ақпарат берілмегендіктен қазақстандықтар гендік өзгеріске ұшыраған өнімді шамадан тыс пайдаланады. Бұған елімізде трансгендік организмдерді анықтайтын арнайы лабораторияның жоқтығы сеп болып отыр. Егер жоғарыда аталған заң жобасы қабылданса, елімізде құрамында ГМО-сы бар балалар тағамы, өндіріске қажетті қоспаларды дайындауға, импорт пен экспортқа түбегейлі тыйым салынады. Қазақстанға тек мемлекеттік тіркеуден өткен ГМО-сы бар азық-түліктер ғана кіргізіледі. Мемлекеттік тіркеуден өту үшін ғылыми дәйегі бар дәлелдемелер келтіріліп, ГМО қауіптілігі жан-жақты сарапқа салынуы тиіс. Дәлелдемелер мен арнайы сараптамалық құжатты импорттаушы немесе өндіруші ұсынуы тиіс. Елімізде өндірушінің өнімі түбегейлі тексерістен өткізілуі тиіс. Алайда адам ағзасы ГМО құрамының зияндылығы бар-жоғын қадағалайтын лабораторияның жоқтығы бұл істе қолды байлауы мүмкін дейді мамандар.
Кез келген нәрсенің пайдасы мен зияны қатар жүретіні белгілі. Гендік инженерияның дәрі-дәрмекті өндіруде пайдасы зор-ақ. Алайда күнделікті тағамға қосылатын геннің қандай екенін ешкім топшылап айта алмайды. Әйтеуір гендік модификация табиғат заңдылығына қарсы құбылыс екені аян.
1. Қазақстандықтардың гендік өзгеріске ұшыраған өнімді пайдалануына не себеп?
A. Импорт пен экспортқа түбегейлі тыйым салынбауы
B. Мемлекеттік бақылау» жөнінде заң жобасының болмауы
C. ГМО зияндылығын қадағалайтын арнайы лабораторияның жоқтығы
D. Өндірушінің өнімі тексерістен өткізілмеуі
2.ГМО-ның жақсы не жаман жақтарының күмәнділігі туралы қай абзацта айтылған?
A. I-ІІ C. ІІ
B. I D. ешқайсысында
3. «Гендік модификация табиғат заңдылығына қарсы құбылыс екені аян» Сіз осы тұжырыммен келісесіз бе? Келісу не келіспеу себептерін 3 сөйлем арқылы жеткізіңіз.