7-сынып «Қазақ тілі Т1» пәнінен 1-тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары
А мәтіні
Тәні саудың - жаны сау
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз де білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты және өзі шыдамды болады. Біздің ата- бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен болса да айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.
Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай-ақ спортты мағынасына қарай жеңіл немесе ауыр, ұзын не қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ Президентіміздің қолдауымен 2003 жыл – денсаулық жылы болып жарияланған. Расында да, бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде.
Адамзат өмірге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни адам саналы да жарқын өмір сүруі қажет. Ол үшін ең алдымен ата-бабамыз айтып кеткендей: «Бірінші байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақ жаулық. Үшінші байлық – он саулық» - демекші, ең алдымен саналы да жарқын өмір сүру үшін денсаулық қажет.
(169 сөз)
1.Кемеңгер Ибн Сина өз сөзінде не айтқысы келді?
A. Әдетте, тәні сау адамның жаны да сау болады.
B. Спорт мағынасына қарай жеңіл немесе ауыр болады.
C. Спорт түрі әркімнің өз таңдауына байланысты болады.
D. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты болады.
2.Қазақстан халқының спортпен айналысатындығы қай абзацта айтылған?
A. І
B. ІІ C. ІІІ D. ІҮ
3.Халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық» - деген, сіз осы тұжырыммен келісесіз
бе? Келісу немесе келіспеу себептерін 4-5 сөйлем арқылы жеткізіңіз.
Ә мәтіні
Қазақстанның дәрілік өсімдіктері
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өсімдіктерден алынған дәрілерге өте үлкен мән береді. Өйткені көптеген кедей мемлекеттер халықтарының дәріханалардан дәрілер сатып алуға шамалары жоқ. Сондықтан олар бұрынғыша емдеудің дәстүрлі әдістерін қолданады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бағасы бойынша дүниежүзі халқының 80%-ы осындай жағдайда. Кейбір Азия мемлекеттерінде, мысалы Қытай, Жапония, Индия бұрынғыша қазіргі заманғы медицина жетістіктерімен қатар халық емшілерінің емдерін кеңінен қабылдауда.
Соңғы жылдары дамыған елдерде ауырған адамдардың көбісі табиғи жолмен алынған дәрілерді артық көре бастады. Мысалы, Жапонияда фармацевтикалық жолмен алынған препараттарды сатып алу 2,6 есе өссе, табиғи жолмен алынған дәрілер 15 есе өсті. Қытайда 1993 жылы өсімдіктерден алынған дәрілер сатудың жалпы бағасы 2,5 млрд. доллар болды.
Америка Құрама Штаттарында дәрігерлердің жазған рецепттерінің 25%-ы өсімдік препараттары. Халықтың арасында сұрау жүргізгенде сол мәлімет берген адамдардың Голландияда және Бельгияда 60%, Англияда 74% қосымша медицинаны халықтың пайдалануға мүмкіншілігі болу керек деген. Қазақстанда дәріханаларда сатылатын қымбат дәрілердің 70-90%-ы шет елдерден әкелінген. Өз елімізде дәрілік өндірісті дамыту үшін әрине көп уақыт керек. Ол үшін медицинада дәрілік өсімдіктердің өздерін кеңірек пайдалану қажет.
1.Азия мемлекеттерінде қандай ем қолданады?
A. медицина мен халық емін
B. дәстүрлі ем
C. халық емін
D. медицина емін
2.Табиғи жолмен алынған дәрілерді тұтыну туралы ақпарат қай абзацта?
A. ІІ, ІІІ
B. І, ІІ
C. І, ІІІ
D. барлық абзацтарда
3. Не себепті дәрілік өсімдіктерге сұраныс артып отыр? Мәтіннен бірнеше дәлел келтіріп, 4-5 сөйлеммен жауап беріңіз.
Жазылым
Төменде берілген тақырыптардың біріне тиісті құрылым мен стильді (ресми, бейресми) қолдана отырып, жазба жұмысын ( мақала, әңгіме немесе хат) жазыңыз. Шамамен 200-250 сөз болуы тиіс
.
1. Атмосфераның ластануы туралы журналға мақала жазыңыз.
2. Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Адамның дені сау болу үшін не қажет екендігі туралы әңгімелеңіз.