7-аудиомәтін Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерін
атап беріңізші.
Нұрмұхамед Байғара (саясаттанушы, «Қазақстан» арнасындағы
«Алаң» бағдарламасының жүргізушісі). Меніңше, Қазақстанның жеткен
жетістігі жетерлік. Бірақ «Тәуелсіз мемлекет ретінде біздің табысымыз
не?» деген сауал туындаса, мен төмендегі бірнеше «олжаны» айтар едім.
Біріншісі, тәуелсіз, жаңаша ойлай алатын, сыни көзқарастан
қорықпайтын жаңа қоғам, жаңа ұрпақ қалыптасты. Қазіргі қатардағы
азамат өз ойын ашық жеткізе алады, қымсынбайды. Керек жерде талап
етеді. Келмеске кеткен Кеңес Одағын аңсамайды. Көпшілігі өз болашағын
Қазақстанның дамуымен байланыстырады.
Екіншісі, Қазақстан аумағы шегарасының толық анықталып, құжатпен
бекітілуі. Бұл жетістікке жету үшін талай дипломат, тарихшылар,
картографтар және өзге де мамандар сан жылдар бойы тер төкті. Ал осы
істі толық басқарған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі шексіз. Елбасы кейбір көрші
елдердің басшыларындай келер ұрпаққа шешілуі қиын әрі ұзақ ұлтаралық,
дінаралық жанжалдарды, түйіні тарқатылмаған жер дауын қалдырған
жоқ. Өз уақытында шешті.
Үшінші, үлкен қиыншылықтармен болсын, республикамыздың
нарықтық экономикаға толық өтуі. Бүгінде Қазақстанда 2 миллионнан аса
жеке кәсіпкер бар. Олар қаншама жұмыс орнын ашты. Төрт-бес адамның
біреуі жеке өз ісін ашқысы келеді. Студенттердің басым бөлігі жеке бизнес
жайлы жоспарлайды. Бұл адам қабілетіне қарай табыс табуға мүмкіндік
беретін нарықтық экономиканың жемісі деп есептеймін.