2-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. • Мәтінге тақырып қойыңыз.
• Мәтіннің негізгі идеясын анықтаңыз.
• Мәтіндегі фразеологизмдерді табыңыз.
Айналаға қараңызшы... Асқар тау, саумал ауа, көк майса – бәрі-бәрі «өс, өн, өрбі, мейірлен, шаттан!» дейтіндей ғой. Бірақ бүгін бұл араға осынша ғажайып сұлулықты қызықтауға, жомарт табиғаттың мынау шарасынан асып, шалқып төгіліп жатқан шарапаты мен рахатын тамашалауға емес, тағзым етіп, тағлым алуға келіп тұрмыз. Біз үшін бұл араның әр тасы киелі, әр бұтасы қасиетті. Олар бұдан үш жарым ғасыр бұрын көз көріп, құлақ естімеген ерен ерлікке куә болған. Сондағы атамекеннің қамы үшін, ата жұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқыранның бәрінің бірдей аты есімізге түсіп тұрған жоқ. Бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымыздағы солардың өсиеті, жанымыздағы солардың қасиеті. Бәлкім, тіпті талайымыздың бет-әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар. Ендеше,
екі дүниеде де мейманасы асып, нұры тасыды деген осы болады. Қайсы бірі осы
арада шейіт болған, қайсы біріне кейін басқа арадан топырақ бұйырған қасиетті
бабаларымыздың аруақтарының алдында солардың ерліктерінің арқасында
аман қалып, өсіп-өніп, он миллионнан асып отырған бүгінгі ұрпақтың атынан
бас иіп, тағзым етеміз.
«Жарықтықтарым, жандарыңыз жаннатта болғай, ел-жұртқа тілеп өткен тілектеріңіз жаратқан иенің жақсы құлағына шалынып, қабыл бола бергей!» – дейміз.