11-тапсырма. (Оқулықтың 95-беті) Берілген үзіндіден теңеу, метафора, риторикалық сұрақ, т.б. көріктеу-айшықтау құралдарын табу. Жырдан үзініді Менің ойымша...
Дегенше, қалды тартып батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Оқ тиіп жүрегінен құлап түсті,
Атынан бүктетіліп бөбек Ноян.
Тартқанда сынбадың-ау сұм садағым!
Қайтейін, арымадың, арда күшім!
Жоқ, әлде, жоқ... жоқ... Әлде... өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?!
Інісі ер Баянның жасық Ноян
Атадан азып туған дер бола ма?
Құл болса бір қыз үшін балдырғаны
Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?!
Оқуға:
ХХ ғасырдың 20-жылдарында қазақтың эпикалық поэзиясының жетістігі ретінде жазылған шығарманың бірі - Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасы. «Батыр Баян» поэмасы 1923 жылы жазылып, жарыққа шыққан. Көркемдік дәрежесі тұрғысынан «Батыр Баян» поэмасы қазақ эпикалық поэзиясының жеткен биік бір белесі болып саналады. «Батыр Баян» поэмасы ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының шындығын, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халді, ел бірлігі мен ерлігін айшықты бейнелейтін екі тараудан тұратын көлемді шығарма. Поэманың басты кейіпкері Баян Қасаболатұлы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, жоңғар-қазақ арасындағы соғыстарда ерен ерлігімен көзге түскен қазақ батыры. Автор бұл жырда тек тарихи оқиғаны баяндап беруді емес, осы оқиғамен сабақтастыра, Баянның басындағы ауыр сезімдік халді, махаббат пен намыс, адам бойындағы көзсіз ашу мен қызғаныш салдарынан болған жайды суреттеуді мақсат тұтқан. Қалмақтан алып келген сұлудың өзіне мойын бұрмай, інісі Ноянмен сөз байласып, қалмақ еліне бірге қашуы Баянның намысын аяқасты етіп, ақылын тұмандатып, Ноян мен оның ғашығын өлтіруіне әкеп соғады. Ашу үстіндегі және ауыр өлімнен соңғы Баянның жан дүниесіндегі ой арпалыстары оның ішкі сезім қайшылықтарын ашып береді. Осыдан соң елге оралмасқа серт берген Баян жорыққа аттанған Абылай хан қосынына қосылып, қалмаққа аттанады. Өкініштен өзегі өртенген, бойын ыза буған батыр ханның келісімінсіз жауға шауып, ерлікпен қаза табады. Поэмадағы басты кейіпкер Баян ерлік, өжеттік, отансүйгіштік, азаматтық ажарымен қатар, сезім тереңдігімен де шебер бейнеленеді.