1-жаттығу Келтiрiлген мысалдардан есiм мағынасындағы орынбасар сөздердi тауып, мағыналарын ашыңыздар. Сексен көл Көкшетаудың саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында, Ауасы дертке дауа, жұпар иiсi, Көкiрек қанша жұтса, тоясың ба? (С.С.). Бiреулердi сүмiрейте жамандап, ендi бiреулердi шелiте мақтаған сөздерi Сәуленiң күлкiсiн келтiрдi (Ә.Ә.). Екi елдiң президенттерi осы кездесу кезiнде бiрнеше маңызды құжаттарға қол қойды («Егемен Қазақстан»). Мен саған да, барлығыңа да ешкiмiм жоқ деп едiм ғой, ал менiң ағам бар (Д.И.).
2-жаттығу Берiлген мысалдардан қосарлау және бiрiгу тәсiлдерi арқылы жасалған күрделi туынды сын мағыналы сөздердi терiп жазыңыздар. Жасалу жолдарын және мағыналық ерекшелiгiн түсiндiрiңiздер.
а) Көпшiлiгi көздi арбағаны болмаса, тұтыныс бермейтiн, арзанқол, оңғақ қытай тауарлары (Ә.С.). Терезеден ақбас Алатаудың бiр биiк шыңы көрiндi (Ә.Н.). Қалқайма тiреулерiне жiп тартып, қызылды-жасылды киiмдердi, небiр әсем ойыншықтарды iлiп тастаған (Ә.С.). 1998 жылы жазда жүргiзiлген жалпы республиканың этно-мәдени зерттеу материалдарын өңдеу жұмыстары аяқталып келедi («Егемен Қазақстан»). Майданда жауынгерлер гвардиясы, тылда еңбеккерлер армиясы күн-түн демей қанқұйлы жауды жеңуге бар күшiн салды (Ғ.Б.). Қам көңiл келiншектiң iшi-бауырына кiрiп барады (Ә.Нұрп.). Отырардың жанқиярлық ерлiгiн жыр ететiн, Әттең, ақын қалмады-ау (М.Ш.). Үй iшi жым-жырт… Сондықтан жас мырза қапысыз қалмау жағын ойлап, ел iшiне саққұлақ кiсiлерден жансыз жiберiп тың тыңдап отыр (Ә.Нұрп.). ә) Бiр жағынан желөкпе жастарға ерiп кеткенiне ренжiдi (Ә.Нұрп.). Халықтың әлеуметтiк-мәдени дамуының нақты мақсаттарымен анықталатынын есте ұстағанымыз жөн («Егемен Қазақстан»). Ақан да алып шықты Құлагерiн, Салпитып саптыаяқтай төменгi ерiн (I.Ж.). Биыл Ерiк капитан сайланып, жартылай қорғаушылыққа ауысқан соң, бар үмiт шибұт Секенде едi (Ә.С.). Бұл жолы да үйдегi-тыстағы жұрт тегiс тына қалғанын байқап, өзiнiң кең тынысты зор даусымен Сарының әнiн шырқай жөнелдi (Ә.Нұрп.). Жылма-жыл дамуымыздың басты бағыттарын белгiлейтiн шикiлi- пiсiлi болса да жоба-жоспарлар қабылдап жататынбыз («Егемен Қазақстан»). Күз айы жел-құзды болған себептi көптен берi балық ауланбай, орыс байының қабағы түсiп жүр едi (Ә.Нұрп.).