1-тапсырма. Төмендегі тақырыптардың біріне шешен сөйлеуге шағын хабарлама дайындаңыз. Жастар – ел болашағы.
Болашақ – білімде.
Ана тілің – арың бұл.
Бірлік бар жерде тірлік бар.
2-тапсырма. Шешендік сөзді түсініп оқып, курсивпен белгіленген сөздерге қарама-қарсы мәндегі сөздерді, ал асты сызылған сөздерге мағыналас сөздердi тауып жазыңыз.
Бала – артта қалған ізің емес пе?
Бөлтірік шешеннің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:
- Ақ ата (Бөлтірікті жұрты осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? – дейді. Сонда Бөлтірік:
- Қарағым, байлық – қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ – ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала – артта қалған ізің емес пе?! Бәріңнен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың – күл, қуанышың – от! – дейді. (Бөлтірік шешен)
3-тапсырма. Абайдың отыз екінші, он сегізінші сөздерін оқыңыз. Осы айтылғандар туралы өз ой-пікіріңізді білдіріңіз. (БІР СӨЗІНЕ)
Абайдың отыз екінші сөзі
Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас.
Әуелі – білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рақат хұзур хасил (тыныштық) болады. Сол рақат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.
Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.
Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хасудшілікті (күндеушілікті) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды. Бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану (сараң болу) жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық (менмендік), мақтаншақтық, хүсідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды.
Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егер де ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?
Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу (пікір алысу), екіншісі – мұхафаза қылу (қорғау). Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу (тырысу) керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.
Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (әйтеуір), жаным, соған бек сақ бол, әсіресе! Әуелі – құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны ол. Ар бар жерде бұлар болмайды.