1-тапсырма. Мәтіннен сын есімдерді тауып, шырай түріне қойып қолдан. - Мама, бүгін бес алдым, барлық сабақтан!..
Қырмызы өзінен бірер жас кіші сіңлісін ертіп, анасының берген байғазы ақшасына дәріханадан гематоген сатып алады. Дүкендегі кәмпиттерден гөрі осы қызыл-қоңыр тәттіні ерекше ұнататын-ды. Әпкесінің «Бестік» алған күндері кішкентай сіңлісі үшін де бір мереке еді...
Басына байлаған ақ бантиктері желкілдеп, өмірдің әр қалт еткен көрінісінен қуаныш көріп жүретін ол бір ғажап күндер еді-ау!.. Қырмызы әжесінің баласы еді. Ол кісінің сөз саптауы мен ой-пайымын бала Қырмызы аудыртпай қағып алатын-ды. Әжесінің әр сөзі оған саф алтындай қымбат және әр уақытта орынды болып саналатын.
- Менің шешем өте көрікті кісі болған еді... Сен соған тартқансың. Балапаным-ай, кейде осы көркіңнен де қорқам...
- Неге, әже? Сұлу болған жаман ба?
- Жарқыным-ай, жақсы ғой, тек... жамандығы да бар.
- Неге?..
- Болды, қазымыр болма, ол баланың ойыны емес!
- Айтшы, әже, сұлу болған неге жаман? Ұлдар бұрымыңнан көп тартқаны үшін бе?
- Е, жалған-ай... Сенің екеу болғаныңды көріп, маңдайларыңнан сүйіп барып өлсем - арманым болмас еді...
- Әже, сіз ешқашан да өлмейсіз, егер өлсеңіз сізді мен жүрегіме салып ап ешкімге көрсетпей, өзіміз ғана өмір сүреміз.
- Балапаным менің, кішкентай ақымағым... Е, Аллам, тіл-көзден аман ете гөр, бұлардың көз-жасын көрсетпе маған...