Қазақ революциялық комитеті, Қазревком – Кеңес өкіметінің азамат соғысы жылдарында құрылған уақытша органы. Қазақ өлкесін басқару үшін РКФСР ХКК-нің “Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы” қаулысы бойынша 1919 жылы 10 шілдеде құрылған. Оның алғашқы құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғашин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Қазревком “Өлкені жоғары әскери-азаматтық басқаруды” өз қолына жинақтап, қазақ халқының мемлекеттігін құру мақсатында өлке Кеңестерінің Құрылтай съезін шақыруға жағдай жасады. Қазревкомның басқа бір маңызды міндеті – қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылды. Сонымен бірге Қазревком армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, астықты және басқа да тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу яғни “соғыс коммунизмі” саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты.