Мәтін және сөйлем 5-сынып Құмырсқа Бір құмырсқа өз илеуінен бөлініп кетіп, ара және қоңызбен дос болыпты. Бір күні жем іздеп шыққан құмырсқа жол үстінен бір дән тауып алыпты. Жалғыз өзі әрі-бері әуреленіп, дәнді орнынан қозғалта алмапты. Содан соң көмек сұрау үшін жаңа достарын іздейді. Гүл жинап жүрген араға келіп: -Досым, маған көмектесіп жібер, -деп өтініпті. -Көрмей тұрсың ба? Мен жұмыс істеп жатырмын ғой,-деп көнбепті ара. Құмырсқа енді екінші досы қоңыздан көмек сұрапты. -Сен үшін өз еңбегімді еш қыла алмаймын,-деп жорғалап кете барады қоңыз. Екі досынан да күдер үзген құмырсқа мұңайып келе жатып, өзінің ұялас достарымен кездесіп қалыпты. Олар мұның түрін көріп: Не істеп жүрсің?-деп сұрапты. Құмырсқа басынан кешкен жайды айтады. Достары көмектеседі де, дәнді бәрі бірігіп көтеріп алып кетеді. Құмырсқа өз үйіріне қайта қосылады. «Жаңа достың қадірі-ескі достай бола алмас»деген сөз осыдан қалыпты. Тапсырма: Мәтінді мұқият оқып, негізгі және қосымша ақпаратты анықтаңыз. Мәтінге жоспар құрыңыз. Достыққа байланысты 10 мақал-мәтел жазыңыз. «Жаңа достың көмегі» тақырыбына (50 сөзден тұратын) ойтолғау жазыңыз.