Бір күні зор қуғын болды. Үш үлкен жау Қараадырдың ойында тобылғылы шұбардан шығарып алып, екі қасқырды сатырлатып, бастырмалатып қуып берді. Екі айырыла қашты. Ақ қасқырдың желіні түгел қатқан жоқ екен. Бәрі бірдей соның соңына үңілді.
Көксерек еріксіз ойысып келіп, үшеуінің алдына өзі түсті. Екеуі қатар қашты. Беттері Қараадыр еді. Ерікке қоймай, жандай шауып, тауға жібермей қайырып алды. Ақ қасқыр ойға қарай қашты. Көксерек ерегесіп, тауға қарай тартып еді.
Мұның біреуі ғана қуып, екеуі ананың соңынан кетті. Ықтиярсыз айырылып кетті. Артында жерді дүрс-дүрс басқан қатты тұяқтар бұны енді ақ қасқырға қоспады. Сонан соң бұл адырға кіріп, бір-екі бел асқан соң қуғыншыны адастырып, құтылып кетті. Бірақ серігі жоқ.
Сонымен қуғын күні Көксерек түні бойы ақ қасқырдың ізіне түсіп жортып еді. Бір төбенің ойына келгенде иіс те, із де бітті. Серігінің иісі жоқ, оның орнына ат, адам иісі мол білінеді. Ағып ұйып қалған қан көрінеді. Аз ғана иіскелеп, бір рет жалап дәмін де көрді.
Түні бойы көп-көп ұлыды, таң атқанша жер тарпып, шаң боратты, ыңырсыды, аунады. Ай астында әрлі-берлі сенделіп, көп аяңдап жүрді. Қасында көлеңкесі ғана жүреді. Тағы да жалғыз жортуылға түсті...
Мәтін бойынша тапсырмаларды орындаңдар.
А) Үзіндіге тақырып қойыңдар
Ә) Мәтінде қарамен асты сызылып берілген сөйлемдердің мағынасын түсіндіріңдер немесе мағынасы жақын сөздерді табыңдар.