1-тапсырма: Төмендегі мәтінді оқып шығып, сұрақтарға жауап беріңіздер.

Қайтқанда

Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Күн ұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:

• -Мына баланың асығуын-ай!

• -Сорлы бала қыстай іш-құста болып қалған-ау, - деседі.

Шәкірт бала ұзап кеткенде бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетеді. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке щабудан тежеп:

-Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есембайдың жырасын білесің ғой! .. Ұры жатады... – деді.

-Сені мен бізді манадан бері көріп отыр. «Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсіріп атын әпкел өзінің!» - дейді де, сені төбеден бір-ақ нұқып, мына бәйге бестіңді алады да кете барады, - деді Жұмабай да.

- Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?

-Ойбай, бізде не қауқар бар? Біз екеу-ақ...

-Олар самсаған қалың қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы екен деп аман қалдырмаса, жер жаман, - деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді.

Содан жаңағы қауіпті деген Есембайға жеткенше, артына бірде-бір қараған жоқ. Көз ұшына кетіп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырған. Ал «Қарауыл биігі – анау, жасырын жырасы – мынау» деген Есембай, Найзатастар болса, ол Абайдың өз ауылының аса мәлім қоныстары. Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі – барлығы да сонша таныс, жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде қалаға оқуға кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балалармен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы күндері дәл осы Есембайда өткен.

Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ көделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсіресе мынау өзі туған сахара, өлке белдеріне соншалық бір туысқандық сезіммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан ал күрең көде мен селеу далалары... дала емес – теңіздері қандай! Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді. Сылап-сипап: «Мен сені сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймін. Тіпті қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсің демеймін» деп қараған сияқты.

1.Мәтіндегі баланың есімі

А) Байтас

В) Құнанбай

С) Есембай

Д) Жұмабай

Е) Абай

2. Бала шәкіртті ерекше асықтырған сезім

А) күту

В) қорқыныш

С) сағыныш

Д) қуаныш

Е) реніш

3. Мәтінде үлкендердің бала шәкіртті қорқытқан сөзі

А) Жыра бар

В) Әскер жатады

С) Ұры жатады

Д) Суы терең

Е) Қасқыр бар

4. Мәтіндегі кейіпкерлердің арасындағы сөйлесу тәсілі

А) диалог

В) полилог

С) дебат

Д) айтыс

Е) пікір алмасу

5. Бала шәкірт қалаға қандай мақсатпен барған еді?

А) емделуге

В) оқуға

С) қыдыруға

Д) жарысқа

Е) демалуға

6. Бала шәкірттің қалаға аттанған жерінің атауы

А) Қорық

В) Қарауыл

С) Найзатас

Д) Тақырбұлақ

Е) Есембай

7. Бала шәкірт қалаға жылдың қай мезгілінде аттанған еді?

А) жазда

В) күзде

С) қыста

Д) көктемде

Е) жазғытұрым

никита3497 никита3497    3   01.04.2020 16:30    161

Другие вопросы по теме География