Жер – ғарыш денесі Бұлтсыз ашық айлы түнде аспан әлемінде сансыз жарқырап тұрған жұлдызды көресің. Жұлдыздар жерден өте алыс орналасқан. Сондықтан олар біздің көзімізге кішкене жылтыраған ноқат сияқты болып көрінеді. Жай көзбен қарағанда аспан әлемінен 3 мыңға тарта жұлдыз көрінеді. Ал қазіргі заманғы ең жаңа құралдармен есепке алынғандарының саны бірнеше миллион. Ғалымдардың болжауынша, жұлдыздардың жалпы саны әлденеше миллиардтан асып кетеді. Жұлдыз – газдан тұратын аспан денесі.
Жерге ең жақын жұлдыз – Күн. Күн, ай, жер – ғарыштық денелер. Күнді 9 ірі аспан денелері айналып жүреді. Олар ғаламшарлар (планета) деп аталады. Ғаламшарлар – «адасушы жұлдыз» деген сөз. Ғаламшар – өздігінен жарық шығармайтын салқын денелер. Ғаламшарлардың жұлдыздан айырмашылығы өздігінен жарық шығару мүмкіншілігі жоқ, күн сәулесінің шағылысуынан жарқырап тұрады. Енді планеталарға тоқталып өтейік. Күн және оны айналып жүретін ғаламшарлар мен олардың серіктері күн жүйесін құрайды.
Күн жүйесі – әлем кеңістігінің немесе ғарыштың бір кішкене шағын мүйісі ғана. Ол Галактика деп аталатын жұлдыздар жүйесіне кіреді.
Ғарыш кеңістігінде шек жоқ. Жерді қоршаған бүкіл дүние – әлем немесе ғарыш деп аталады. (157 сөз)
)