Із кесу Түнгі екіден асқанда жедел жәрдем мен қалалық ішкі істер бөліміне қатар қоңырау шалынды. Бір-бірінен хабар алысымен үлкен үйлеріне жиналған ағайынды Хамраевтардың бірі ебі дебіл болған кейуананы жұбатса, енді бірі ауруханаға жөнелтілген Расулдың жанында жүгіріп жүрген. Алайда күретамырына зақым келгендіктен, аяғы шыққалы арбаға таңылған жас бала он алты жасында ашкөздердің құрбаны болып кете барды. Осы іс бойынша Медеу аудандық ішкі істер бөлімінде арнайы топ құрылып, ұрлык жасаған қылмыскерлер іздестіріле бастады. Кейуананың айтуы бойынша екі жігіттің бейнесі жасалып, ол адам көп жүретін жерлерге ілінді. Үйде қалдырылған саусақ іздері тексерілді. Жедел топтың жан-жақты ұйымдастырған шаралары нәтижесіз болған жоқ, қылмыскерлер қолға түсті. Тергеуші Құралбек Оспанов бағалы әшекей заттар ұрлағандардың алтын сатушыларды айналып өтпейтінін білетін. Айтқанындай, араға төртінші күн салып, көк базардың алдында алтын сатып жүрген әйелдерге екі жігіт өз тауарларын ұсынады. Бірақ тек гауһар таспен безендірілген әшекейді елу мыңға бере салғалы тұрған жігіттер бірден күдік тудырған. «Ақшам жетпей тұр, қазір достарымнан сұрап келейін. Жарты сағаттан кейін келе аласың ба?» деген келіншек жігіттердің көңіліне күдік тудырмауға тырысты. Ал елу мың үшін саудагерге қайта соққан ұры жігіттер қақпанға өздері келіп түскенін кеш түсінді.