Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтысқа түскен қыз бен жігіт арасында әзіл-қалжың, сондай-ақ әлеуметтік жағдай көбірек сөз болады. Қыз бен жігіттің өнер жарысы кейде қайымдасу не жұмбақтасу түрінде болады. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Ұлбике мен Күдерінің», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады. Қазіргі айтыста да ерекше көзге түсетін жұптар бар. Солардың арасында А. Әлтаев пен С. Тоқтамысова. Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы драма театрында өткен «Жүрсіннің жүлдесі» атты айтыстары «тарихи айтыс» деп аталып, ақындар халықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Қос айтыскерге жазушы Н. Жүнісбаев «Бүгінгінің Біржаны мен Сарасы» деп, баға беріп, көлемді мақала да жазды. Одан кейін Аманжол мен Сара Тәуелсіздіктің 19 және 20 жылдығында айтысты. Осы үш айтысты топтастыру арқылы «Аманжол мен Сара» атты кітап жарыққа шықты.
Айтыскер ақын Аманжол Дүйсенбайұлы Әлтаев 1971 жылы 31 тамызда қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Ақтүбек ауылында дүниеге келді. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1993 жылдан осы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеп, әдеби зерттеулер жүргізеді, кітаптар жазады. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетте оқытушысы, ғалым, филология ғылымының докторы.
Айтыскер ақын Тоқтамысова Сара Советханқызы 1986 жылы 29 наурызда қазіргі ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келді. 2003 жылы Семей қаласындағы №5 гимназия-мектебін бітіреді. 2003–2008 жылдары Семей қаласындағы Семей педагогикалық институтында филолог оқытушы мамандығы бойынша білім алады. Қазір айтыскерлікпен қатар әншілікпен және ұстаздықпен айналысып, шәкірт тәрбиелеуде.