Ұлан-байтақ Қазақ Елінің барлық өңірлері сияқты Ақтөбе өңірінің де кәрі тарихы өз бастауын есте жоқ ескі замандардан алады. Еуразияның асыл белдігі сияқты Ұлы Даланың орасан зор аймағын қамтитын Ақтөбе жерінің тау-тасы мен өзен-өткелі, көлі мен шөлі, киелі топырағы небір тарихтың, осы құрылықты мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың талайына бұйырып, маңдайына жазылған талай тағдырлардың, небір қанкешулер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты дәурендердің куәсі болғанына дау жоқ. Сонау Алтай бөктеріндегі киелі Өтікеннен өрбідік дейтін көк түркілері адамзат тарихында бірінші боп ат жалын тартып мініп, бірінші боп тегермешті ойлап тауып, арбаға қос артқалы жайлы қоныс, жаңа жұрт іздеген жұрттың бірнеше мәрте батысқа маңдай түзеп, үдере көшкені анық. Соның адамзат есінде қалғаны Халықтардың Ұлы Көші десек, ғасырлар бойғы ұлы дүрмектің бәрі дәл осы өңірді айналып өте алмаған. Ақтөбе өңірімен өтпеген көш о кезде сиреп үлгермеген Сібір ормандарына, не болмаса, Хазар теңізіне (Каспиге) барып тірелер еді. Аймақтың көне тарихының терең болмағы, оның топырағында, жел жеп, уақыт мүжіген тау-тасында арғы замандар жәдігерліктерінің жұқаналары жататыны, өзегі ақиқаттан өрбіген небір асыл аңыз-әфсаналар жұқаналарының осы өңірді атажұрт деп таныған, сүйген, қастерлеген бүгінгі ұрпақтың санасынан өшпейтіні содан: Ақтөбе жері тоғыз жолдың торабын тоғыстырған ұлы Өткел іспеттес. Әлі де солай...