Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт - дәстүрлері мен әдет - ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт -дәстүрлерден этностың мінез - құлқы, үлгі- өнегесі, зейін- зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл - ойы, сондай- ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт - дәстүр дегеніміз — халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі.