«Ұшқан ұядан» алынған мына үзінді идеясын қолдана отырып, қайта өңдеп жазыңыз. Креативті жұмыс ұсыныңыз. Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да — бәрі-бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін... Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, шашбаулары сылдыраған қыз-келіншектердің жүріс-тұрысынан мен адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын. Солардың бәрі мені аймалап, сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді.
Ол-ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау — бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап, мені ғана аймалап әлдилейтін сияқты еді. Дүние сенің сәби кезіңмен көргендегідей өмір бойы қайырымды, аспаны — күмбез, желі — жібек, әдемі ертек болып тұра берсе, кәне.