Сәулет салтанат құрғанда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы өсуін тоқтатып, әлеуметтің барлық саласында тоқырау болғаны есімізде. Әсіресе, құрылыс нарығына оңай тимеді. Қала мен далада, ауыл мен ауданда, зауыт пен фабрикада, не керек адам аяғы басқан жердің бәрінде құрылыс тоқтады. Құрылысшылар күн көріспен базар жағаласа, архитекторлар шетел асып жатты. Іргетасы қаланып, кірпіші енді өріле бастаған ғимараттар «сақалды құрылысқа» айналды. Қала кейпінің өңі кетіп, қаңыраған ғимараттар қалыпты күйде қабылданды. Жұрт барды сақтауға талпынған кез еді… Дәл сол уақытта, айналдырған 25 жыл ішінде, біз Астанадай алып шаһарды тұрғызамыз деп ойламадық. Алматының кең көшелерінде жол айрықтары бірінен соң бірі ашылатынын сезбедік. Шымкент, Ақтау секілді облыс орталықтары жаңаша түлейтінін білмедік. Қытаймен шекаралас аймақта Нұркент қалашығы бой көтеретіні де үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Мұның бәріне жету сондай қиын болып көрінетін.