Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын “күзетіп” тұр. Монументтің түсі – ақ. Ол қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек. Көптеген елдерде орнатылған мұндай стелалар қара, кейде қызыл түсті болып келеді. Олар тиісінше қара күштің, қанның белгісі іспетті.“Қазақ елі” монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна да орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаданың қақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызылған. Оның төрт қырлы болған себебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.Өзгеріс: тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалмақ. Оның биіктігі 20,1 метрге дейін көтерілетін болады, содан соң қабырғаларға жаңа көркемдік шешім бойынша қола барельефтер орнатылмақшы. Идея авторларының ойынша, бұл монументтің мазмұны мен көркемдігін аша түседі.“Халық және Президент”Орталық барельеф – “Халық және Президент” деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Алдыңғы фигураның биіктігі – 5 м, онда Н.Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Бұл – біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің сыртындағы халық – қазақстандықтар, олардың бейбіт, мейірімді көңілін ұшып жүрген қарлығаштар дәйектейді.“Қаһармандық”Монументтің оң жағындағы екінші барельеф – “Қаһармандық” деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы болғанын көрсететін бейнелер шоғырланған. Соның ішінде ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған.“Жасампаздық”Батыс жақ бетке орналастырылатын “Жасампаздық” атты барельефте авторлар Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелемек болған. Сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесі көрінеді.“Болашақ”Ал монументтің шығыс жағындағы “Болашақ” атты барельефте тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары бейнеленген.“Бірлік”Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген “Бірлік” атты мүсіндік композициямен аяқталады.