Қойшы үлкен адам емес , бала дауысы оны шошытпайды . Қой дүркіреп үркіп , қойшыға қарай қашты . Қасқыр жақындап бір қызыл қойға ауызды салғалы ентелеп келіп қалып еді , бағанадан айғайлап келе жатқан қойшы қасына кеп қалыпты . Сол - ақ екен , қарсы бұрылып алып , аттыға қарай « Арс ! » етіп шапшып қалды . Арандай ашылған Көксеректің аузына баланың тонының өңірі ілінді . Соны бөксеріп жұлып түскенде , боз ат осқырып атқып кетті . Баланың шошыған айғайы шықты . Қасқыр артына айналып тап бергенде , мөңкіп жүрген боз аттан бала аударылып құлап түсті . Көксеректе қазір бұрын ешқашан білінбеген долылық бар еді . Көксерек жығылып домалап жатқан балаға тап берді . Оқыс секіргенде , санының жарасы ашылып , тыз етіп ашып қалып еді . Ол бұрынғыдан жаман ызаландырып , құтыртқандай . Боз ат ұзап қашып кетті . Қой да жоқ . Көксерек екпіндеп секіріп , ырылдап келіп баланы бас салды . Бұл бала Құрмаш еді . Қойшы ауырып қалып , әкесі бір күнге қойға жіберген еді . Астына мінгені өзінің жүйрік боз дөнені болатын . Үстіне гүрілдеп қасқыр төніп келгенде , көзі бір ашылып , бір жұмылады . Содан әрі баланың үні өшті ...