Мақалдарды оқып, «дос», «достық» туралы эссе жазыңдар. • Досыңменен дос болғанға шаттан,
Дұшпаныңмен дос болғаннан сақтан.
• Досың мың болса да – аз,
Дұшпаның біреу болса да – көп.
• Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
• Асы көптің тәні семіреді,
Досы көптің жаны семіреді.
• Жақсы дос ашып айтар,
Жаман дос қосып айтар.
Дос деген – киелі түсінік. Көңілі бір, ортақ адамдар ғана бір-бірімен дос бола алады. «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам», «Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме», «Жаман туған болғанша, жақсы жолдасың болсын», «Досы көпті жау алмайды», «Жолдас көптің олжасы көп» дейді халқымыз. Жақсы дос ағайын-туыстан да жақын болып кетеді. Өйткені өзін шынайы дос санайтын адамның көңілі кіршіксіз келеді. Досына деген пейілі ақ, көңілі пәк болады.
Достар – бір-біріне ұқсас жандар. Бір-бірін толықтыратын, бір-бірінің кемшілігін жауып тұратын адамдар. Соның арқасында екеуінің де кемшілігі көрінбей қалады. Ойы мен санасы бір, көзқарасы мен пікірі ортақ жандар да бір-бірімен дос болуға бейім келеді. «Дос – көңілдің күмбезі» деп айтылатыны содан. Орыс халқында «досыңды әкеп көрсет, сонда сенің кім екеніңді айтамын» деген нақыл бар. Яғни, көңілі мен пейілі ортақ жандар ғана бір-бірімен дос бола алады. Олардың қызығушылығы да, ойы да бір. Соның арқасында жолдас, туыстас болып кетті. Мұны халқымыз «екі жақсы қосылса, өле-өлгенше дос болады» деп бір ауыз сөзбен жеткізген.
Дос, әсіресе, қиындықта сыналады. «Жаман дос жауыңмен бірге шабады» дейді халқымыз. Жаман дос – көлеңке дейді, яғни, басыңда күн барда қашып құтыла алмайсың, бұлт төнсе, іздеп таба алмай қаласың. «Біреу жаныңа жолдас, біреуі малыңда жолдас» дейді. Біреулер мал-дүниең мен қолыңда бар нәрсе қарап, дос болады. Мұндай достық ұзаққа бармасы анық. Ал шынайы жаныңа дос болатын адамның достығы да, бауырмалдығы да өміршең. Сыналар кезде, сыналады. Шыңдалар кезде, шыңдалады.